«Энергетика, Электротехника және Энергетикалық машина жасау»

«Атом энергетикасы және өнеркәсібі»

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА БУЫН АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫН ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БОЛАДЫ: AIDA POWEREXPO ALMATY 2026 ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

АЛМАТЫ, 2026 ЖЫЛҒЫ 22 ҚАЗАН. АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫН ДАМЫТУ — ТЕК АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН САЛУ ЕМЕС.

Бұл — ғылыми әзірлемелер мен мамандар даярлаудан бастап, жабдық өндіру және ұлттық жеткізу тізбегін қалыптастыруға дейінгі тұтас технологиялық экожүйені құру.

Дәл осы мәселелер Алматыда PEA 2026 іскерлік бағдарламасы аясында өткен «Қазақстанның атом энергетикасы: халықаралық ынтымақтастық, технологиялар және локализация» атты стратегиялық сессияның негізгі тақырыбына айналды.

Сессияны Atomic Industry Development Association (AIDA) атқарушы директорының орынбасары Жаннұр Азмағанбетова жүргізді. Талқылауға ғылыми ұйымдардың, атом саласының, халықаралық компаниялар мен қазақстандық бизнестің өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі — локализация, яғни отандық кәсіпорындардың Қазақстандағы болашақ атом жобаларын іске асыруға қатысу мүмкіндіктері.

Қатысушылар атом электр станцияларын салу және пайдалану бойынша халықаралық тәжірибені, технологиялық серіктестердің қатысуын, жеткізушілерге қойылатын талаптарды, инженерлік құзыреттерді дамыту мәселелерін және қазақстандық компаниялардың атом саласының жеткізу тізбегіне қосылу мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар кадр даярлау мен қажетті кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Сессияға Ядролық физика институты, Қазақстанның Ядролық қоғамы, Assystem in Kazakhstan, «КАЭС» ЖШС, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы, НИЯУ МИФИ Алматы филиалы және AIDA өкілдері қатысты.

AIDA үшін бұл талқылау — бизнес, ғылым және атом саласының өкілдерін саланы дамытудың практикалық мәселелері төңірегінде біріктіретін маңызды алаң.

Бүгінде Қазақстан алдында отандық компаниялардың атом саласының жеткізу тізбегіне кезең-кезеңімен қосылуына мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру міндеті тұр. Бұл ретте локализация тек өндірістің үлесін арттырумен шектелмей, Қазақстанда жаңа өндірістердің, технологиялардың, инженерлік құзыреттердің және білікті мамандардың қалыптасуына ықпал етуі тиіс.

AIDA кәсіби диалогты, өнеркәсіптік кооперацияны, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындар, ғылыми қоғамдастық және халықаралық серіктестер арасындағы өзара іс-қимылды дамыту бағытындағы жұмысын жалғастырады.

Атом энергетикасының болашағы — бұл тек энергия емес. Бұл — технологиялар, құзыреттер және Қазақстан экономикасын дамытудың жаңа мүмкіндіктері.