POWEREXPO ALMATY 2024 ЭНЕРГЕТИКА КӨШБАСШЫЛАРЫН БІРІКТІРДІ: ЭКСПОЗИЦИЯНЫҢ 66%-ҒА ӨСУІ ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ
2024 жылдың 30 қазаны мен 1 қарашасы аралығында Алматыда 22-ші Қазақстандық халықаралық «Энергетика, Электротехника және энергетикалық машина жасау» Powerexpo Almaty 2024 көрмесі сәтті өтті.
Бұл ауқымды салалық іс-шара қатысушылардың, компаниялардың және келушілердің энергетика секторындағы жаңа жетістіктерге деген қызығушылығының айтарлықтай өскенін көрсетті. Үш күн ішінде көрмеге 3506 сала мамандары келді. Қатысушылар ұсынылған шешімдердің ауқымы мен жоғары сапасын ғана емес, сонымен қатар іскерлік байланыстарды кеңейтудің бірегей мүмкіндіктерін атап өтті.
«Kaz Energo Power» материалдық-техникалық бөлімінің бастығы Евгений Қайса өз пікірімен бөлісті: «Біз көрмеге үшінші рет келіп отырмыз және әр жолы мұнда жаңа нәрсе табамыз. Биылғы жылы мен бұрын білмеген бірқатар жаңа жеткізушілермен танысып, олардың презентацияларынан көптеген пайдалы ақпарат алдым».
Powerexpo Almaty 2024 экспозициясы Австрия, Әзірбайжан, Беларусь, Германия, Италия, Қазақстан, Қытай, Ресей, Таиланд, Түркия, Өзбекстан және Чехияны қоса алғанда, 12 елден 186 қатысушының жетістіктерінің кең спектрін ұсына отырып, екі павильон мен көше аймағын қамтыды. Экспозиция алаңының 66%-ға ұлғаюы және қатысушылар санының өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға өсуі Қазақстанның энергетикалық нарығына өсіп келе жатқан қызығушылықтың елеулі көрсеткіштеріне айналды.
Экспоненттер қатарында 68 қазақстандық компания және 118 шетелдік өндірушілер мен жеткізушілер ұсынылды, бұл ретте Қазақстан, Қытай және Ресей компаниялары барынша белсенді қатысты. Powerexpo Almaty 2024 сондай-ақ бірегей халықаралық құрамдас бөлігімен ерекшеленді: көрмеде Ресей Федерациясының өңірлері мен республикаларының ұжымдық стендтері ұсынылды, ал «Узэлтехсаноат» қауымдастығы алғаш рет өзбек электр энергетикасы өнеркәсібінің жетістіктеріне назар аудара отырып, Өзбекстаннан өндірушілердің ауқымды ұжымдық стендін ұйымдастырды. Көптеген қатысушылар көрмеге қатысудың жоғары тиімділігін атап өтті. «Біз қатысқанымызға ризамыз және сенімді түрде айта аламын, зауытымызда өндірілетін мыс құбырларды жеткізуге 1,5 миллион долларлық келісімшарт жасадық. Біздің стендке және өнімдерімізге үлкен қызығушылық болды», — деді «Узэлтехсаноат» қауымдастығының сату менеджері Бекзод Мирзараимов.
15 сессиядан және 36 спикерден тұратын іскерлік бағдарлама сала мамандарының, мемлекеттік аппарат өкілдерінің және салалық қауымдастықтардың назарын аудартты. Бірінші күннің бағдарламасын «Қазақстандағы сутегі энергетикасының болашағы: үрдістер мен перспективалар» атты Пленарлық сессия ашты, онда сутегіні баламалы энергия көзі ретінде пайдалану мүмкіндіктері және Қазақстанда сутегі технологияларын енгізу перспективалары талқыланды. Спикерлер қатарында «Атамекен» ҚР ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі, «Жасыл даму» АҚ басқарушы директоры Сәкен Қалқаманов, Ғ.Дәукеев атындағы АЭжБУ «Жылу энергетикасы» кафедрасының профессоры Андрей Кибарин, KPMG Law Kazakhstan директоры Асел Қазбекова және Электр энергетикасын және энергия үнемдеуді дамыту институтының өңдеу және талдау департаментінің директоры Марат Калменов болды. Пленарлық сессия таспаны қию рәсімімен және көрмені аралаумен аяқталды, онда құрметті қонақтар ұсынылған өнімдер мен технологиялармен танысып, инновациялық шешімдердің ауқымын бағалай алды. Жанды диалог аясында отандық және халықаралық компаниялардың өкілдері энергетика саласын дамытуға және Қазақстанның инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған практикалық тәжірибелерімен және озық технологияларымен бөлісті. Бірінші күннің контентіне сондай-ақ «Киберқауіпсіздік саласындағы инновациялар және энергетикада жасанды интеллектті қолдану» атты кейс-сессия кірді, онда энергетикалық желілерді қорғау және олардың тұрақтылығын арттыру үшін жасанды интеллектті қолдану арқылы жаңа технологиялар қарастырылды. DKC–booked, TGS-Solar, Қазақстандық Арматурлы-Изоляторлы Зауыты, Курск Электроаппаратуралық Зауыты, Chint kz компаниялары өзекті тақырыптар бойынша оқыту семинарларын өткізді.
Көрменің екінші күнінде «Жаңартылатын энергия көздері – энергетикалық жүйенің бөлігі және шағын және орта бизнес үшін электрмен жабдықтаудың көзі» атты панельдік дискуссия және «Ішкі елдік құндылық: энергетикадағы отандық тауар өндірушілер» атты кейс-сессия өтті. Энергетика саласына арналған өздерінің бірегей және озық әзірлемелерін семинарларында таныстырған компаниялар: Chint kz, Aksa Power Generation, Изолятор КТ, TE Connectivity, Center for Energy and Environmental Research (CEER).
Powerexpo Almaty 2024 маңызды кәсіби алаңға айналды, ол энергетика саласындағы жетекші мамандарды, жеткізушілерді және инновациялық шешімдер әзірлеушілерін бір жерде жинады. Келушілер көрмелердің бизнесті табысты жүргізуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Тікелей қарым-қатынас – бизнес үшін әрқашан тиімдірек, өйткені потенциалды клиентке тек келіссөздер үшін барғанда, өз өнімдеріңіздің осыншама үлгісін алып бара алмайсың. Ал көрме өніммен жақынырақ танысуға және өндірушілермен тікелей әңгімелесуге өте жақсы мүмкіндік береді» – деп Наталья Шкварок «Электросетьстройпроект» АҚ маркетинг бөлімінің бастығы пікірін білдірді.
Powerexpo Almaty көрмесін Қазақстандық Iteca көрме компаниясы және оның халықаралық серіктесі – ICA Events компаниялар тобы ұйымдастырады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «Самұрық–Энерго» АҚ, Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстандық компания «KEGOC» АҚ, Қазақстандық электр энергетикалық қауымдастығы - КЭА, Қазақстандық энергоаудиторлар қауымдастығы ресми қолдау көрсетті.